"Жүрегімді адалдыққа шөлдеттім"
Алаш зиялылары өзі атқарып жүрген қызметі арқылы қазақ қоғамының бір керегесін кеңейте жүріп, ұлттың жоғын түгендеді, барын саралады. Бекжан Тұрыс та осы арыстардың жалғасы сияқты, киелі сахнада жүріп қазақ мінезін, болмысын, тағдырын мүсіндеді, сонымен қатар сахнаның күші, құдіреті, пәрмені арқылы бүгінге, болашаққа сөз арнады.
Оның бойындағы қайраткерлік, қиянатқа төзбеушілік, адалдық, шыншылдық, ұлтқа қызмет ету жолындағы табандылық – ата-бабадан берілген, ана сүтімен бойына сіңген ұлттық қасиет пен мінездің жиынтығы.
Бекжан Асаубайұлы қариялар ролін ерте сомдады. Ол рольдердің шынайы шығуының себебі: бала кезінен санасы сергек, құйма құлақ зерделі бала болуынан, ауыл ақсақалдарының даналық қасиеттерін көріп, өсиет сөздерін жадында тоқуы арқылы рухани кемелділікке жетуінен деп ойлаймын.
«Ұлым, саған айтам» – әке толғауы, әке Бекжан мен ұлы Мағжанның диалогы арқылы айтылған барша ұрпаққа арнау сөз. Драмада ер-тұрманның жоғалуы – біздің бүгінгі жағдайымыздағы жан ауыртар көріністер: бөтен мәдениеттің жас ұрпақтың санасын жаулап алуы, кітап оқудан алыстау, ұлттық музыканы қораш санау, тіліміздің жұтаңдауы, салт-дәстүрдің патриархалдық қалдық саналып өміршеңдігінен айрылуы, ұлттық ділдің азуын көрсетеді. Әке Бекжан осы құндылықтарымызды ұлы Мағжанға іздету, тапқызу арқылы жас ұрпақты жоғалтқанымызды түгендеуге, барымызды бағалауға, қадірлеуге үйретеді.
Бекжан Тұрыс – үлкен актер болуымен қатар, орыстың Н.Михалковы сияқты қазақ сұрағының білгірі, ұлт зиялысы, бүгінгі қазақтың тағдыры көтерілер қай дауға салсаңыз да қара қылды қақ жарған шешені.
Ердің жасы – 50-ден енді асқан Бекжан Тұрыстың жас ұрпақпен бүгінгі кездесуі – «Ұлым, саған айтам» атты сыр-сұхбаттың сахнада айтылмай қалған жалғасы болмақ...
Гимназия директоры Р.Б.Сәкенова